Қазақстанда АЭС қашан салынады – министрдің жауабы

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “АЭС құрылысы – бұл өте нәзік мәселе. Сондықтан оны саламыз ба, жоқ па, әзірше ешқандай шешім жоқ. 2035 жылға дейінгі болжамды баланс аясында сан алуан мәселелер қарастырылып жатыр”, – деді Ақшолақов. Осы орайда министр “жасыл” экономиканы дамыту аясында көмір пайдалануды қысқартуға тура келетінін жеткізді. Себебі ол экологиялық зиянды отынға жатады. Оған қарағанда газ таза, бірақ оның қоры шектеулі. “Сол себепті біз әртүрлі жолдарды қарастырып жатырмыз. Соның бірі – АЭС. Осы опция да қаралып отыр. Бірақ бұл мәселені жан-жақты әрі мұқият зерделеу керек. Әрине, алдымен қоғамның пікірін білген жөн. Әзірше ол станцияның қай жерде салынатыны туралы нақты шешім жоқ”, – деп атап өтті Ақшолақов.