Қазақстанда қазаннан бастап ақылы жол құны 20%-ға көтерілді

Қауіпсіз жол қозғалысы қауымдастығы Көлік министрлігін сотқа бермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Қоғам белсенділерінің айтуынша, басқарма жол ақысы үшін ақшаны заңсыз жинап, қазан айынан бастап төлемді 20 пайызға көтеріп жатыр. Мамандар азаматтарға тегін балама жоқ екеніне наразы.

“Көлік министрлігі ақылы жолдардағы тарифті 20 пайызға көтеріп, кейін бағаны жыл сайын өсетін Айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстыруды жоспарлап отыр. Бірақ бағасы сапаға сәйкес келе ме? Біз бірауыздан жоқ дейміз. Ақылы жолға айналғаннан бері жолдар жақсара қойған жоқ: жолдарда шұңқыр көп, жол бойындағы қызмет көрсетілмейді, ал қыста жолдар нашар тазаланады”, – дейді көлік жүргізушілері.

Сарапшылардың пікірінше, адамдар төлем жасау немесе жасамауды өздері таңдауы керек.Көлік министрлігі де жаңа учаскелерде тек жүк тасымалы үшін ақылы жолдарды енгізу мәселесін қарастыруда. Экономистер бұл тарифтік бағаның жалпы өсуімен бірге тауарлар мен қызметтердің бағасына айтарлықтай әсер ететінін айтады.