Ұлттық банк теңгенің ескі банкноттарын, оның ішінде 2006 жылғы “қол” бейнеленген үлгіні айырбастауға шекті мерзім болмайтынын айтты. Мұндай шешім азаматтар өтініші мен депутаттар сауалы бойынша қабылданған. Ескі банкноттарды мерзімсіз айырбастау АҚШ, Англия, Германия, Дания, Австралия, Швейцария, Норвегияда енгізілген. “Жаңа дизайндағы банкнот шыққан кезде 12 ай қатар айналым кезеңін белгілеу ұсынылады. Бұл ескі дизайндағы банкноталарды жоспарлы түрде айналымнан шығару және жаңа дизайн үшін кассалық техниканы баптауға қажет. Көрсетілген мерзімнен кейін екінші деңгейдегі банктер үшін ескі үлгідегі ақша белгілерін жаңа үлгідегі ақшаға айырбастау кезеңі 3 жыл, ал Ұлттық банк бөлімшелері үшін – мерзімсіз болып белгіленсін” делінген хабарламада. Бұған дейін Қазақстанда 2006 жылғы “қол” бейнеленген банкноттарды қабылдау тоқтатылған еді. Оларды 3 наурызға дейін айырбастау қажет болған.