Қазақстанда еліктіргіш газды пайдалануға шектеу енгізіледі. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Негізі, еліктіргіш газ есірткі және психотроптық заттарға жатпайды. Сондықтан полиция оның айналымын бақыламайды. Себебін түсіндіре кетейін, еліктіргіш газ, яғни азоттың шала тотығы есірткі болып саналмайды. Оны медициналық мақсатта анестезия үшін пайдаланады”, – деді Нұрғалиев. Оның айтуынша, анестезия кезінде пациентке азоттың шала тотығы біртіндеп беріледі. Сондай-ақ, фильтр арқылы оттегімен араластырып отырады. “Қазіргі кезде денсаулық сақтау министрлігі күшті әсері бар улы заттардың тізімін жасап қойды. Құжаттың жобасы дайын. Осы тізімге кірген заттардың айналымына бірқатар шектеу енгізіледі. Онда азоттың шала тотығы да бар. Сондықтан “көңіл көтеретін газ” да бақылауға алынады”, – деп атап көрсетті Нұрғалиев.