Қазақстанда бір күнде коронавирустан қайтыс болғандар рекордтық көрсеткішке жетті. 1 тамызда елде 126 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды: 110 адам – коронавирустан, 16 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды тіркелмеген. Өткен аптадан бері елде бір күнде анықталатын науқастар 7 мыңнан асып жүр. Сейсенбі күні Нұр-Сұлтанда – 1270, Алматыда – 1531, Шымкентте – 575 адамнан коронавирус анықталған. Бір күнде анықталатын науқастардың 60 пайызы үш қала мен екі облыс үлесінде. Қалған облыстарда бір тәулікте тіркелген науқастар 400-ге жетпейді. Сәрсенбі күні Түркістан облысы коронавирустың тарауы бойынша “қызыл аймақтан” “сары аймаққа” оралды. Қалған облыстар мен қалалар “қызыл аймақта” тұр.