1 сәуірге дейін көлік иелері өткен жыл үшін салық төлеуі керек. Төлем уақтылы жасалмаған жағдайда әрбір кешіктірілген күн үшін қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл алынады. Бұл туралы Алматы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев хабарлады. “Борышкерге 30 жұмыс күні ішінде берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Хабарландыру мерзімі өткеннен кейін берешек сомасы 1 АЕК-тен асатын болса, борышкерге 5 жұмыс күні ішінде берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі”,-деді Қуаныш Түменбаев. Оның айтуынша, борышкерлерге сот орындаушылары тарапынан одан әрі мәжбүрлеу шаралары қолданылады, оның ішінде мүлкі мен банк шоттарына тыйым салудан бастап, елден тыс жерлерге шығуына шектеу қойылады.