Қазақстандықтарға жылуға артық төленген 489 миллион теңге қайтарылады

Жылуға төленген жарты миллиард теңгеге жуық қаражат ел тұрғындарына кері қайтарылады, деп хабарлайды «Хабар 24». Табиғи монополияларды реттеу комитеті жылу есептегіш құралдары жоқ тұтынушыларға көрсетілген қызметті қайта есептеп, осындай шешім шығарды. Қаражаттың басым бөлігі Батыс, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының абоненттеріне тиесілі. Жеке кабинетте сомалар аванстық төлем ретінде көрсетіледі. Ақша осы жылдың соңына дейін немесе алдағы жылу маусымында түсуі керек.