Қазақстандықтар коммуналдық қызметтер үшін 17 миллиард теңге қарыз. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр премьер Асқар Маминнен коммуналдық қызмет бойынша берешектің өсіп бара жатқанына назар аударуды сұрады.
“Бүгінгі күні коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 17 миллиард теңгені құрады. Осы жылдың өзінде дебиторлық борыш 3,4 миллиард теңгеге өсті. Өсім бес аймақта байқалады”, – деді Атамқұлов.
Өңірлер арасында ең көп қарыз Алматы қаласында – 4,5 миллиард теңге. Одан кейінгі орында – Шымкент, берешек – 2,5 миллиард теңге, үшінші орында 1,9 миллиард теңгемен Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Борышкер өңірлер тізіміне 1,5 миллиард теңге қарызбен Қызылорда облысы және 1,4 миллиард теңге берешегі бар Маңғыстау облысы кірді.