Қазығұрттың төңірегінде 8 ауылға су жайылып, қазір бірнеше нысан мен 60-қа жуық үй көлкіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24». Кеше кешкісін Түркістан облысының таулы аудандарында бұршақ аралас жаңбыр жауған. Жауынның қаттылығы сонша екі жүзден аса мал шығыны анықталды. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қақпақ елді мекенінде 200, ал Сарапхана ауылында 25 бас қырылған. Бұдан бөлек, Заңғар елді мекенінде 7, Қарабауда 15, Тұғыртаста біреу, Қызылсеңгірде 12, Шанақ ауылында 20 үйге су кірген. Бірнеше тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір су басқан аймақта Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың 60-қа жуық қызметкері мен оннан аса арнайы техникасы және 4 мотопомпа аулаларға жиналған суды сыртқа ағызып жатыр. Ауылдық округтің әкімдері әрбір елді мекенді аралап, шығын көлемін анықтауға кірісті.