Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр.Тыңдалымда сот материалдарын зерделеу жалғасуда. Мемлекеттік айыптаушы тергеу кезінде анықталған деректерді жария етті. Сондай-ақ сот отырысында куәгер Дана Жақсыкелдінің бейнежазбасы тыңдалды. Оның айтуынша, төбелес дүкеннің алдында басталған және оқиға болған жерде мылтықтан басқа суық қару көрмеген. Алайда «777» дүкенінің алдында Абзал Шынасылдың қолында пышақ болғанын растады. Сотта жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың бейнежазбасы да көрсетілді. Онда Нұрымов айыпталушы Нұрқиястың қолында мылтық болғанын, ол мылтықпен Шерзат Полатты ұрып жатқанын көргенін мәлімдеді. Сонымен қатар Нұрболдың қолында да пышақ болғанын, кейін өзі де пышақ алғанын айтты. Ол дүкен ішінде басқа пышақ болмады деді. Осыған дейін Абзал Шынасыл сотталушылардың біреуі Шерзатқа пышақ салғаны жайлы мәлімдеген еді.