Бүгін Шымбұлақ бір күнге жабылады

Бұл туралы курорт әкімшілігі өзінің Telegram арнасында хабарлады. Демалыс орны санитарлық тазалық күніне байланысты жабылды. Әкімшілік мәліметінше, өткен аптада Тұйық-Су альпі лагері ауданындағы Кіші Алматы өзенінде сел жүрді. Ол жаяу жүргіншілер көпірін шайып кетіп, демалыс орнының бас тоған бөлігін зақымдаған. Сол себепті Шымбұлақта су беру тоқтатылды. Мамандар су қабылдағыш станцияны лай массалары мен тау жыныстарынан тазартып жатыр. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, ауа температурасының көтерілуіне және мұздықтардың еруіне байланысты Кіші Алматы шатқалының сағасындағы су деңгейі көтерілген. Осы ретте демалыс орны өкілдері Алматы тауларындағы жағдай тұрақты және бақылауда дейді.