БҚО: алимент төлемегендер букмекерге қомақты қаржы жұмсап келген

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы алимент төлемей жүргендердің ішінде 127 адамның букмекерлік кеңсеге қомақты қаржы салып жүргенін анықтады. Қадағалаушы орган эмитент-банктермен жасалған келісім нәтижесінде осындай мәлімет алған. Сонымен қатар 82 борышкер мобильдік қосымша арқылы такси қызметінен табыс тапқан. Яғни олар кіріс көзі бола тұра алимент төлемеген. Есеп айырысу шоттарына тыйым салу және инкассалық өкімдер шығару арқылы 1,5 млн теңгеге 30 борышкерден алимент бойынша берешектерін өндіріп алу мүмкін болды. ӘҚБтК 669-бабы бойынша 11 борышкер 5 тәулікке дейін қамау және айыппұл түріндегі жаза тағайындаумен әкімшілікке жауапкершілікке тартылды.