Алматыдағы бейнебақылау жүйесіне адамдардың бет-әлпетін тану функциясы енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 2030 жылға дейін қалада 7 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылады. Ал 2026 жылдан бастап, бейнесараптау және бет-әлпетті тану функциясы барлық бейнебақылау жүйесіне біріктіріледі. Бұл әлеуметтік нысандар мен әуежай, вокзал сияқты адам көп шоғырланатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін керек. Бейнебақылау жүйесі адамның бет-әлпетін ғана емес, түтінді, отты, тастап кеткен затты тануға және оны қадағалауға мүмкіндік береді.Сонымен қатар алдағы үш жылда халық көп жиналатын жерлерде «SOS дабыл түймесі» шұғыл аудио/бейне қоңырау жүйесін орнату аяқталады. Бұл жасалған заңсыз әрекеттерге жедел ден қоюға, сондай – ақ кезекші полиция қызметкерімен дереу бейне және аудио байланыс орнатуға септігін тигізбек.