Балқашта «Қазақмыстың» қызметкері 8 жастағы баланы азаптаған. Саусақтарын сындырып, денесін күйдірген. Баланың анасы Мадина Досымбекова Қазақмыс қызметкерінің қылмысы жайында әлеуметтік желіде жариялады. «Жантүршігерлік әрекетті Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» компаниясының қызметкері Алмас Басымбеков жасады. Бүгінде бұл істі жабуға тырысып жатқанына көп дәлел бар. Күдіктінің туыстары мен таныстары құқық қорғау органдарында, ауруханаларда, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Біз ешкімді тікелей айыптап отырған жоқпыз, бірақ тергеуге қысым көрсетіліп, істі баяулату, қылмысты жасыру әрекеттері бар екені сезіледі. Сол үшін халыққа жариялылық қажет», – деді Досымбекова. Осы оқиғадан кейін Қарағанды облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын ресми мәлімдеді. Ал «Қазақмыс» корпорациясы: «Қызметкерге қатысты барлық шешім тек ресми тергеу нәтижесінде және оның іс-әрекетіне құқықтық баға берілген соң қабылданады», – деді.