Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов әлеуметтік әмиянның банк картасынан қандай айырмашылығы бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Шәпкеновтің айтуынша, цифрлық әлеуметтік әмиян – банктік шоттарға балама. “Артықшылығы – азаматтар банктерге жүгінбейді. Ұлттық банк жүйесінде әр адамға жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы шот ашылады. Біз бұл шоттарға болашақта 44 әлеуметтік төлемді проактивті түрде аударуды жоспарлап отырмыз”, – деді министр. Айтуынша, әмиянға аударылған әлеуметтік төлемдер банктердің, салық органдарының немесе коллекторлық фирмалар мен басқа да тараптардың өндіріп алуынан қорғалады. Сондай-ақ, әлеуметтік әмиянмен тауар сатып алуға болады. Әлеуметтік әмияндағы ақшаны банк картасына аударуға және сол арқылы қолма-қол ақша ретінде шешіп алуға да мүмкіндік бар. Еңбек министрлігі келесі жылдан бастап пилоттық режимде атаулы әлеуметтік көмекті цифрлық әмиян арқылы төлеуді жоспарлап отыр.