Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қасиетті Рамазан айында тарауих намазы мен ауызашар рәсімдері өткізілмейтінін мәлім етті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. «2021 жылы Қасиетті Рамазан айы діни мерекесі 13 сәуір мен 12 мамыр аралығында өтеді. Мамыр айының 8-нен 9-ына қараған түні Қасиетті Қадір түні, 13-ші мамыр күні Ораза Айт мерекесі атап өтіледі. Дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық мешіттердегі дәстүрлі Тарауих намаздар, ауызашар рәсімдері өткізілмейді», – дейді Ерболат Жүсіпов. Ал өз кезегінде Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдәулет Алмұханов Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы ҚМДБ-ның қала бойынша өкілдігі және тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесе дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлім етті. Ол сол сияқты елордада Рамазан айында көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі дайындалып жатқанын жеткізді. Ол сөзін жалғай отырып, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелеріне баса мән беруді тапсырды.