Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Capital Bank Kazakhstan АҚ-ын банк және өзге де операция жүргізу лицензиясынан айырды.
Агенттіктің мәліметінше, оған төмендегі жайттар себеп болған:
пруденциалды нормативтерді (Ұлттық банк бекіткен көрсеткіштер) жүйелі түрде бұзу;
қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамау;
уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамау;
төлем қабілеті төмен банктер қатарына енгізілуі.
Ақпаратқа қарағанда, банк активтері 38,5 млрд теңгені құрайды. Қарыз портфелі – 33,9 млрд теңге. Оның 90 пайызға жуығы 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттерден тұрады. Банктің ликвидті активі – 149 млн теңге. Атқарылмаған клиент төлемдері 15 млрд теңгеден асады.
Банк салымшылары депозитінің 99 пайызын “Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры” АҚ толық өтейді.