7 қазанда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың екінші толқынына дайындықты талқылаған жиында “егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тағып жүрсе, желтоқсан айында толық карантин (локдаун) жариялануы мүмкін” екенін айтты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында елдегі індеттің беталысына қатысты үш сценарий ұсынды.
Цой ұсынған “Пессимистік сценарий” бойынша, егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында 190 мың адам вирус жұқтырып, 65 мың адамды ауруханаға жатқызуға “тура келеді”. Мұндай жағдайда “желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі мүмкін”.
Министрдің сөзінше, елдегі ауруханалардың 70 пайызы толса, қатаң карантин жариялау керек болады.