Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов үкімет сағатында демалысын Мысырда өткізуді жоспарлап қойған қазақстандықтар не істеу керектігін айтты. 3 желтоқсаннан бастап Қазақстан елде коронавирустың жаңа “омикрон” штамы таралмауы үшін бұл елмен әуе байланысын уақытша тоқтатады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Шорановтың сөзінше, бірнеше мемлекеттің Мысырдан келген азаматтарынан коронавирустың “омикрон” штамы анықталған. Осыған байланысты Қазақстан билігі бұл елмен әуе қатынасын тоқтату туралы шешімге келген. “Барлық шектеу шаралары 2021 жылғы 3 желтоқсаннан бастап күшіне енетін болады. Жоспарлап қойған (демалысты – ред.) азаматтарға келер болсақ, біз индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі (ИИДМ – ред.) әріптестерімізбен бірлесіп, басқа бағыттар бойынша туристік лекті ұлғайту үшін және бұл бағыттарды басқа бағытқа ауыстыру бойынша жұмыс істейтін боламыз”, – дейді вице-министр.