Депутат лотерея мен курс сатып байыған коучтарға көбірек салық салуды ұсынды

Депутат лотерея мен курс сатып байыған коучтарға көбірек салық салуды ұсынды
Депутат Ерлан Саиров лотерея ойнатып, курс сатып жүрген коучтарға салық төлеуді міндеттеуді, ал салық органдарына блогерлерге арнап түсіндіру сабақтарын өткізуді ұсынды. «Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде коуч-инфлюенсер деп аталатын онлайн лотерея ұйымдастырушылардың заңсыз әрекеттері жиілеп кетті. Олар билеттер мен түбіртектер, туристік пакеттер, құрал-жабдықтар, зергерлік бұйымдар, сәнді жылжымайтын мүліктер мен автокөліктер сатамыз деген желеумен заңсыз лотерея ойындарын өткізеді. Мұндай гивтер мен акциялар заңсыз», – деді депутат. Айтуынша, соңғы бір жылда лотерея мен бағалы жүлделердің ұтыс ойындарын заңсыз ұйымдастыруға қатысты 106 жағдай тіркеліп, 46 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Бірақ соған қарамастан, әлеуметтік желіде заңсыз лотерея ұйымдастыру жағдайлары азаймаған. «Қаржы министрлігінде аталған азаматтардың тиісті салықты төлеуіне қатысты заңды сұрақтар туындап отыр. Әркім салық төлеуі керек. «Заң қатал, бірақ заңның аты заң» деген қағида барлық азаматтарға қатысты! АҚШ, Англия және Қытайда контент жасаушылар өз қызметінен алған табысынан салық төлеуге міндетті. Бұл елдердегі салық ставкалары прогрессивті және 40% дейін жетуі мүмкін», – дейді Саиров.