Діни радикализмге қатаң тыйым салатын кез жетті деп, «Ақ жол» фракциясы мүшелерінің атынан депутат Қазыбек Иса да премьер-министр мен ҰҚК комитеті төрағасына сауал тастады: “Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер” деп, бір ғасыр бұрын жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?! Шетелде оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме? Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр. Өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар тіпті, ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «Шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты. Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс! Ел үшін ең қымбат ұлтқа, адам үшін ең аяулы әке-шешеге, қазаққа ең адал домбыраға қарсы харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан Ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті! Бұдан кейін кеш болады, – деді Қазыбек Иса.