Парламент мәжілісінде депутаттар Ислам дінін жамылған жат ағым жайында дабыл қақты. Ермұрат Бапи өзінің депутаттық сауалында теріс діни үрдістің саяси сипат алып бара жатқанынан алаңдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда. – Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер, депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек! Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде исламдық секта етек жайып барады. Шағын бизнес, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар, салафизм идеясына табынушылар басып барады. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені, – деді Ермұрат Бапи.