“Ел тарихында бірінші рет”: Қызылорда облысында ТЖ жарияланды

Қызылорда облысы Арал ауданында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, төтенше жағдай 13 шілдеден бастап күшіне енген. Сейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова кезектен тыс отырыс кезінде Арал ауданындағы қуаңшылықтың салдарынан биыл 559 ірі қара мал өлгенін айтты. Аудандағы 205 мыңнан астам ірі қараға 184 мың тонна жем-шөп керек. Әзірге 2190 тонна ғана жем-шөп жеткізілген. Еріктілерден 14 жасақ құрылып, шөп ору науқанына кіріскен.