Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой науқастың мүддесін қорғап, ақ халаттылардың құқығын сақтауға мүмкіндік беретін жаңа реформа туралы айтты. Бұл дауды сотқа дейін жеткізбей, медиация тəртібімен реттеуге жол ашады дейді министр. Егер дәрігер жұмысына немқұрайлы қарап немесе науқасқа әдейі зиян келтірсе, онда қатаң жауапқа тартылады. Абайсызда болса, сақтандыру арқылы өтеуге мүмкіндік беріледі. Алайда дәрігер міндетті түрде қайта дайындықтан өтіп, біліктілігін арттыруы тиіс, содан кейін ғана ол жұмысқа кірісе алады. Мұндай әдіс дамыған елдерде қолданылады. Бірде-бір дәрігер операция бөлмесіне сақтандырусыз кірмейді. Бүгінде елімізде 220 мыңға жуық дәрігер мен орта медициналық қызметкерлер жұмыс істейді.