Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Ведомство басшысы білім гранттарының жетіспеушілігі мәселесіне тоқталып, жаңа шешімдер ұсынды. “Екі үлкен жүйелі дүниені ұсынамыз. Біріншісі, гранттарды саралау. Гранттар санын көбейтіп жатырмыз. Биыл гранттар саны былтырғымен салыстырғанда 19 пайызға өсті, келер жылы да көбейеді. Бірақ, бәрібір әлі де жеткіліксіз. Сондықтан гранттардың бәріне 100 пайыз емес, 100, 75, 70, 50 пайыз грант (оқу ақысының пайызы – еск.) болатындай етіп саралауды ұсынбақпыз”, – деді министр. Сонымен қатар, Саясат Нұрбек: “Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі және білім беру несиесі механизмін қайта іске қосып жатырмыз. Өйткені грантқа ілінбеген адамдарға да мемлекеттен көмек алып, оқу ақысын бөлуге мүмкіндік беруіміз керек”, – деді.