Елордадағы жоғары оқу орындарының студенттеріне күндізгі оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының хабарлауынша, әлеуметтік көмек беру бойынша құжат қабылдау 1 шілдеден басталып, 23 тамызға (қоса алғанға) дейін жалғасады. Әлеуметтік көмек отбасы табысы әр мүшесіне шаққанда 4 күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда беріледі. Оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек алу үшін өтінішті Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына немесе электронды өтінішті веб-портал арқылы “Электрондық өтініштер” бөлімінде қалдыруыңызға болады. Ескерте кетейік, тестiлеу кезiнде қажеттi ең төменгi баллды жинай алмаған мектеп түлектерiне әлеуметтік көмек тағайындалмайды.