Гүлнара Каримова суицид жасады деген ақпар рас па? Өзбекстан ІІМ Гүлнара Каримованың жағдайы нашарлады деген ақпаратқа түсінік берді. Бұл туралы Repost.uz сайты жазды. Қазанның соңында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында колонияда жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримованың денсаулығы нашарлағаны туралы хабарламалар пайда болды.
Ол санитар бөлімге “өкпесі қабынған, коронавирусқа күдікті” диагнозымен жатқызылды. “Гүлнара Каримова суицид жасады деген әңгіменің еш негізі жоқ. Ол сот белгілеген жаза мерзімін өтеп жатыр”, – деді ІІМ өкілі. Мәжліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева да жағдайға пікір білдірді.” Гүлнара Каримованың жағдайы қазір жақсырақ, әлеуметтік желілердегі қауесет шындыққа жанаспайды.
Оның жағдайы туралы толығырақ ақпаратты тиісті жауапты қызметкерлер бере алады”, – деді Нарбаева. Еске сала кетсек, Өзбекстан экс-президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы ұрлық, салық төлеуден жалтару, бопсалау және заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылған. Наурызда Өзбекстанның Жоғарғы соты Гүлнара Каримованы 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырған еді.