Қиясов мектептерді дәстүрлі оқыту форматына көшіру қалай жүзеге асатынын түсіндірді. Еліміздің бас санитария дәрігері ол үшін мектептегі педагогтар мен қызметкерлерді 100 пайыз вакциналау қажет деді. “Мектептердегі шектеу шараларына бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу, сыныптарды бөлу, асханаларда тамақтануды ұйымдастыру кіреді. Жоғары оқу орнының 18 жастан асқан студенттері де вакцина салдыруы немесе қашықтан оқуға ауыстырылуы тиіс”, – деді Ерлан Қиясов. Республикалық физика-математика мектебінің төрағасы Ғабит Бекахметов оқушыларды бастауыш, орта және жоғары мектеп блоктарына бөлуді ұсынды. Коронавирус анықталған жағдайда бүкіл мектеп емес, нақты блок жабылады. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 1 қыркүйектен бастап елімізде 7 475 мектепті ашу жоспарланғанын айтты.