Абруццо аймағында орналасқан итальяндық Пратола-Пелинья коммунасында үйлердің бір еуроға сатылып жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24» wi-fi.ru сілтеме жасап. Елді мекен ірі тау шаңғысы курорттарынан және Адриатика теңізінің жағалауынан жарты сағаттық қашықтықта орналасқан. Сатылым заңгер Антонелла Ди Нино басқаратын коммуна әкімшілігінің бастамасымен басталды. Әйел төрт жыл бұрын қала әкімі болған, ал оның басшы қызметіндегі басымдықтарының бірі – қараусыз қалған аумақтарды қалпына келтіру. 600-ге жуық бос үйдің санағынан кейін қала шенеуніктері ғимарат иелерін іздеген. Тұрғындар меншік құқығынан бас тартып, нәтижесінде билік үйлерді бір еуроға сатуға шешім қабылдайды. Антонелла Ди Ниноның айтуынша, жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы алғашқы құжаттарға шілде айында қол қойылады. Жаңа меншік иелері ғимараттарды үш жыл ішінде қалпына келтіруге міндетті. Болашақта олар үйлерді өздері қалағандай пайдалана алады, яғни өз тұрғылықты жері үшін немесе коммерциялық мақсатта.