Экономика министрі қазақстандықтардың орташа жалақысы 275 мың теңге екеніне сенеді

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазақстандықтардың орташа жалақысы 275 мың теңгеге жеткеніне сенеді. Бірақ ауыл тұрғындарының айлығы қанша екенін білмейді. “250 мың теңге – бұл орташа жалақы ғой. Кейбір қызметкерлер бірнеше миллион теңгеден астам жалақы алады. Енді бірі ең төмен жалақы алады. Сондықтан орташа жалақы осылай шығып тұр. Мен бұл статистикаға сенемін”, – деп жауап берді Қуантыров Sputnik Қазақстан тілшісінің сұрағына. Ол халықтың өмір сүру сапасы әртүрлі екенін атап өтті. Айтуынша, инфляция әсерінен азаматтардың табысы төмендеп жатыр. Бірақ ұлттық экономика министрі ауыл халқы айына қанша жалақы алатынын айта алмады. “Мен оны айта алмаймын. Бірақ ауылдың табысы қаланың табысына қарағанда төмен”, – деді ведомство басшысы. Осы орайда ұлттық экономика министрі қазақстандықтарға ерінбей, ақша табудың жолдарын іздеуге кеңес берді.