Көкшетау тұрғыны бөтен адамның банкоматта қалдырып кеткен ақшасын алып, ізін жасырды, деп хабарлайды Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көкшетаудың полиция басқармасына 39 жастағы тұрғын арызданған. Ол банкомат арқылы 540 мың теңгені аудармақ болғанын, алайда ақшаны ұяшыққа салғаннан кейін алаңғасарлықпен операцияны аяқтауды ұмытып кеткенін айтты. Банкке келген келесі клиент банкоматта қалып қойған ақшаны алып, қауіпсіздік қызметіне хабар берместен, банктен шығып кеткен.
Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары ер адамның кім екенін анықтады. Ол Көкшетау қаласының 45 жастағы тұрғыны. Қазір процессуалды шешім қабылдау мәселесі шешіліп жатыр, деп мәлімдеді полициядан.