Әлеуметтік желіде Талдықорғанда көліктер белгісіз химиялық затты сепкені туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл қала тұрғындарының зәресін алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Кейбір адамдар видеодағы көлік түнде адамдарды улайды деген пікір білдіруде. Бұл роликті Қазнетте мыңдаған адам көрді. Талдықорған әкімдігі дүрбелеңге салынбау керек екенін айтып отыр. Олар жағдайға қатысты түсініктеме берді. Қалалық билік хабарлауынша, ағаштарды дезинфекциялау жұмысы жүріп жатыр. “Коммуналдық қызметтер ағаштарды зиянкестерден қорғау үшін фунгицид ерітіндісімен өңдеп жатыр”, – деді Талдықорған әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы. Оның айтуынша, адамдар мен көлік аз болуы үшін өңдеу түнде жүргізіледі.