Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған қырғыз әншісі 10 жылға сотталуы мүмкін
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті әнші Қайрат Примбердиевті ұлтаралық араздықты қоздыруға қатысты мәлімдеме жасағаны үшін қамауға алып, елден шығуына тыйым салды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде. Қырғызстанда ұлтаралық араздықты қоздыруға қатысты 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қайрат Примбердиев қазақстандық “Айран медиа” жобасында қазақ ханы Кенесарының басын кескен Ормон хан үшін өз атынан кешірім сұраған. Кейін ол бұл кешірімді тек өз атынан сұрағанын және сұхбаттың толық нұсқасын тыңдаған жағдайда ниеті түсінікті болатынын айтты.