Әкім журналисті ғимараттан шығарып жібергендерге қатысты пікір білдірді. Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі Азамат Қалдыбеков “Хабар 24” журналисін ғимараттан күштеп шығарып жіберу жағдайына байланысты тиісті шаралар қолданылатынын айтты. Әкім бұл оқиға кезінде ғимаратта болмапты. Ол бұл уақытта “Шексіз қала” бағдарламасы аясында қаланы аралауға шыққан екен. “Толығымен мән-жайды сіздерге қосымша хабарлаймыз. Бүгін комиссия құрдық, оны менің орынбасарым Бектас Сәбитов толық жүргізеді. Басымды ала қашып, біреуді қорғап тұрған жоқпын. Тек күзетші емес, осыған жауапты мемлекеттік қызметкерлер де өз әрекетіне жауапты болады”, – деді Азамат Қалдыбеков. Алатау ауданы әкімі күзет қызметкеріне тілшіні кіргізбеу туралы тапсырма түспегенін айтты. Қоса кетейік, күзет компаниясы “Арлан” ЖШС жекеменшік компанияға тиесілі. Тендер жеңіп алған компания қызметіне наурыздан бастап кіріскен екен. Аудан әкімі жағдай анықталып, тексеріс аяқталған соң журналистен кешірім сұраудан бас тартпайтынын жеткізді.