Корейлік жылдам дайындалатын тамақ өнімінің импортына тыйым салынды. Қазақстанның бас санитария дәрігері құрамында соя бар тамақ өнімдерін әкелуге және сатуға тыйым салу бойынша уақытша санитарлық шараларды енгізді. Тауарлардың сапасын бақылау және қауіпсіздік комитетінің мамандары «Джин Рамен» атауы бар тез дайындалатын корейлік кеспелерде генетикалық түрлендірілген соя желілерінің сандық құрамының артық екендігін анықтады. Ал өнімнің тұтынушылық қаптамасында құрамында гендік түрлендірілген ингредиенттердің бар екендігі жөнінде ақпарат болмаған. Қазақстанның тұтыну нарығын қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына хабарламалар жіберілді.