Астанадағы Әл-Фараби көшесіне жол мамандары төрт бірдей бүтін жолақ сызып қойды. Мұндай тәжірибе жасауға не себеп болғаны белгісіз. Ереже бойынша қосарлы бүтін сызық төрт және одан көп жолағы бар көшелерге салынады. Колеса.кз жазуынша, мамандар көшенің алты жолақты екенін байқап, ондағы таңба санын арттырса керек. Тағы бір нұсқа — бұл мүлде басуға болмайтын таңба болуы мүмкін. Егер әдеттегі қосарлы бүтін сызықты бассаңыз алты айға жүргізуші куәлігінен қағыласыз, ал мынаны елемегендер түрмеге қамалуы ғажап емес – деп әзілдеп жазды Колеса.кз. Бірақ айрықша белгінің пайда болуы жұртты таңғалдырды. Журналисттер, жол ережесінен мұндай белгіге қатысты мәлімет таба алмаған. Нұр-Сұлтандағы жол қадағалау басқармасы бұған қатысты әлі түсінік берген жоқ.