Ол денсаулық сақтау министріне журналистермен, халықпен кездескенде қолда бар цифрды жасырмай, ашық айтуды тапсырды. Нығматулин денсаулық сақтау министрлігінен вакциналанған адамдар санын дұрыс санауды талап етті. Мәжіліс отырысында депутаттар денсаулық сақтау министрінен вакциналау қарқынын арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады. Цойдың айтуынша, Қазақстанға 2,3 миллион вакцина дозасы жеткізілді. Қазіргі таңда 1,4 миллион адамға бірінші компонент салынды. “Екінші компонент 21 күннен соң, максимум 45 күннен кейін егіледі. Бірінші компонентті салдырғандарда 15-ші күннен кейін антидене пайда болады”, – деді министр. «Сіз қазір 21 күн дедіңіз. Орынбасарларыңыздың бірі 90 күн дейді. Бүгін 45 күнге дейін деп отырсыз. Бәрін шатыстырдыңыз! Біз халықаралық стандарт аясында жылжып келеміз. Сіздердің дипломдарыңызға қараса, барлығы денсаулық сақтау саласында ұйымдастырушы, тағы бір нәрсе. Ендеше вакцинацияны ұйымдастырыңыздар! Адамдардың басын ауыртпайық. Екі вакцинация болса, екеуін де өту керек. 15 күннен кейін антиденелер деген – ақталу, Алексей Владимирович. Екі вакцинадан кейін вакцинацияланған болып саналады. Осы жерден есеп жүргізіңіздер», – деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.