Оқушыларға мектепке хиджаб киіп келуге болмайды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Әлеуметтік желіде оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың хиджабқа қатысты жауабы қызу талқыға түсті. Шенеуніктің түсініксіз жауабынан жұрт оқушы қыздарға мектепке хиджаб киюге рұқсат етілді деп түсінген. Бүгін үкімет кулуарында журналистер Бейсембаевтан осы мәселеге соңғы нүктесін қоюды сұрады. Министр оқушылардың киіміне қатысты еш өзгеріс енгізілмегенін, балалар мектеп формасымен жүруі керек екенін атап өтті. “Конституция бойынша Қазақстан – зайырлы мемлекет. 2016 жылы бекітілген оқушылардың формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек”, – деп мәлімдеді Бейсембаев.