Германия канцлері Ангела Меркель және сыртқы істер министрі Хайко Маас Ресей билігін оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға у бергендерді тауып, жауапкершілікке тартуға шақырды. Дүйсенбі күні Меркель мен Маастың ортақ мәлімдемесінде осылай деп жазылған.
24 тамызда Навальныйды емдеп жатқан Берлиндегі “Шарите” ауруханасы саясаткердің ағзасынан ингибитор холинэстераз тобына жататын улы заттар табылғанын хабарлаған. Бұл топқа “Новичок” уы да кіреді, 2018 жылы Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль да дәл осы заттан уланған.
“Навальный мырзаның Ресей оппозициясындағы жетекші рөлін ескере отырып, биліктен осы қылмысты мұқият әрі ашық зерттеу талап етіліп жатыр” делінген мәлімдемеде.
Германия басшылары мәлімдемеде сонымен бірге Навальный толық жазылатын шығар деп үміттенетінін де жеткізген. Клиниканың мәлімдемесінде оның өміріне қатты қауіп төніп тұрмағаны, бірақ саясаткердің есін әлі жимағаны туралы жазылған. Дәрігерлер удың ұзақ уақыт әсер етуі мүмкін екенін де жоққа шығармаған.