Әлеуметтік желілерде әйелдер масканы отқа жаққанда жанбай, еритіні туралы видео таратты. Ролик авторы оның пластиктен жасалғанын және адам денсаулығына зиян екенін айтқан. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігіндегілер бұл ақпаратты жоққа шығарды. “Біріншіден, бұл видео Қазақстанда емес, Ресейде түсірілген және елімізге еш қатысы жоқ. Екіншіден, бізде сатылатын маскалардың сапасы өте жоғары және санитарлық талаптарға сай. Жеке қорғаныс заттары арнайы материалдан жасалады, ол – спанбонд. Улы зат емес. Ол синтетикалық, матаға жатпайтын материал, ол беріктігімен, жоғары және төмен температураға төзімімен, су өткізбеу және инфекциядан қорғауға қажетті өзге де қасиеттерімен ерекшеленеді. Синтетикалық материал өртеген кезде ол расымен де балқиды, бірақ зиян заттар шығармайды. Роликте айтылған пластик медициналық маскаларды жасау кезінде қолданылмайды. Бұл видео маскалардың улы екенін дәлелдей алмайды. Авторлардың мәлімдемелері қате”, – деді ведомстводағылар.