Білім және ғылым министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушылары кемінде бір тоқсан қашықтан оқуы тиіс деп санайды.
10 қыркүйек күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде эпидемиологиялық ахуал жақсарғанмен Еуропа, көрші Өзбекстан, Ресейде және өзге елдерде індеттің өршуі байқалғандықтан әзірге қашықтан оқу форматын сақтау дұрыс деген байламға келген.
– Наурыз айынан бері ұжымдарды таратып, карантин енгізілгеніне қарамастан елде 2 418 балаға коронавирус жұққан. 98 пайызы жазылған. 34-і емделіп жатыр. Яғни, ұжымдар инфекцияның тарау ықтималдығын күшейте түседі. ДДСҰ мәліметінше, 12 жасқа дейінгі балалар коронавирус инфекциясын әлсіз болса да тарата алады. Ал 12 жас және одан асқандар коронавирус инфекциясын өте жылдам таратады. Олар үйдегілерге, тәуекел топтарға вирус жұқтыруы мүмкін, –деді Цой.