Білім және ғылым министрлігі білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова 2 ақпан күнгі брифинг кезінде алдағы бірнеше жылда Қазақстанда Ресейдің бес университетінің филиалын ашу жоспарда барын айтты. “Қазір Ресей тарабымен келісіп жатырмыз. Шешім қабылданғаннан кейін әрине енгізіледі. Алайда 2025 жылға қарай бес университеттің филиалы ашылатынын атап өте кетейін” деді Көбенова. Ресей жоғары оқу орындарын таңдау себебі және олардың басым бөлігі беделді 100 университет тізімінде жоқ екеніне қатысты түсініктеме берген Көбенова “арнайы пән бойынша рейтингтерді” қарауға кеңес берді. “Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университеті немесе Бауман атындағы Мәскеу университеті немесе Новосибирск университетінің мамандарды дайындау тәжірибесі бар” деді Көбенова.