Мьянмада жер сілкінісінен кейін ұзындығы бір шақырымнан асатын көпір опырылды
РИА Новости агенттігінің жазуынша, опырылған көпір Мьянманың солтүстік-батысындағы Сагайн қаласында орналасқан. Көпір ірі қалалар – Сагайн мен Мандалайды байланыстырады.
ТАСС-тың мәліметінше, көпірдің ұзындығы бір шақырымнан асады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мьянмада жойқын жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы – 7,7. Бұдан кейін магнитудасы – 6,4 болатын тағы бір жерасты дүмпуі тіркелген. Жер сілкінісі Таиланд астанасы Бангкокта да сезілген. Мьянмада төтенше жағдай жарияланды.