Нұр-Сұлтан әуежайында қомақты қаржының жымқырылуы: бұрынғы бас есепші сотталды. Есіл ауданының №2 соты елорда әуежайындағы миллиардтаған қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген қызметкерлерге қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Соттың үкімі бойынша “Астана халықаралық әуежайы”-ның бұрынғы бас есепшісі мен экс-қызметкерлер 1,6 миллиард теңге ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот Нұр-Сұлтан әуежайының бұрынғы бас есепшісі Әлия Бабашованы 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Тағы 6 сотталушы бас бостандығынан айырылды. Біреуі 8 жылға, қалғандары 7 жылға сотталды. Шығынды өндіру мақсатында сотталғандардың мүлкі: пәтерлер, үйлер, жер учаскелері, 312 миллион теңге көлеміндегі 5 көлік тәркіленді.