Елордада газ желісіне қосылу қызметі үш есеге арзандайды. Бұл туралы “QazaqGaz” ұлттық компаниясының басшысы Санжар Жәркешев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Оның айтуынша, бұған дейін газға қосылу жұмыстарын “ҚазТрансГаз Аймақ” компаниясы атқарған. Ал 1 қаңтардан бастап осы қызмет бәсекелестік ортаға берілді. Сөйтіп, кәсіпкерлер газды тарту жұмыстарын атқаруға кірісті. Бірақ баға бірден шарықтап кетті. “Біздің қызметіміздің бағасы – 113 мың теңге”, – деді Жәркешев. Компания басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде кәсіпкерлер 400-450 мың теңге алады. Ал “ҚазТрансГаз Аймақ” компаниясы қайтадан бәрін өз қолына алса, осы қызметтің бағасы үш есеге төмендейді. “Енді, баға үш есеге түседі деп айтуға болады. Қазақстан бойынша бекітілген бір баға болады”, – деп атап көрсетті Жәркешев.