Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада еліміздің бас мешітін ашты. Бұл нысан Орталық Азиядағы ең ірі мешіт атанды және әлемдегі ең үлкен мешіттердің ондығына енді. Мешіттің салтанатты ашылуы 12 тамыз, жұма күні, яғни құрылысы басталғаннан кейін үш жылдан соң өтті. Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау барысында жаңа мешіттің ашылуы еліміздегі барша мұсылмандар үшін маңызды оқиға екенін айтты. Мешіт орналасқан жер телімінің ауданы 10 гектарды құрайды. Мұнаралардың биіктігі 130 метр. Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни осынша адам қатарға тұрып, бір уақытта намаз оқи алады. Мешіттің сыйымдылығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық бас мешіт әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына кіреді.