Бұл туралы Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлім етті. Оқиға бүгін таңғы сағат 05.30-да болды. Ақтөбе қаласынан шақырылған 5517-әскери бөлімінің мерзімді қызмет әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Қ. қарауылда қызмет атқару кезінде бекітілген қарудан иегіне оқ атып, өзін-өзі жаралады. Жедел жәрдем бригадасы әскери қызметшіні дереу ауруханаға жеткізді. Ол облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Онда медицина қызметкерлерінің шұғыл қолданған шараларына қарамастан, 21 жастағы жігітті аман алып қалу мүмкін болмады. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы марқұмның тума-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.