Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы бір күнде – 19 наурызда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталады. Кандидаттарды тіркеу мерзімі 18 ақпан Астана уақытымен кешкі сағат 18.00-де бітеді. Үгіт-насихат кезеңі 18 ақпан кешкі сағат 18:01-де басталып, 18 наурыз түнгі сағат 00-00 аяқталады. 20 қаңтар күнгі брифинг кезінде орталық сайлау комиссия өкілдері осылай деп мәлімдеді. ОСК өкілдерінің айтуынша, мәжілістің 69 депутаты – партиялық тізіммен, 29-ы бірмандаттық территориялық сайлау округы бойынша сайланады. “Облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана мәслихаттарының 50 пайызы мажоритарлық жүйемен, 50 пайызы партиялық тізіммен сайланады” деді ОСК мүшесі Сабила Мустафина. Ақпаратқа қарағанда, республика бойынша барлығы 223 мәслихатқа 3415 депутат сайланады.