Бүгін Алматы орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай жамағатпен бірге намаз оқылмайтынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Дін маманың сөзінше, Рамазан айы кезінде мешіттерде жамағатпен намаздың оқылмайтыны коронавирус індетімен байланысты. Биыл қасиетті Рамазан айы 13 сәуір күні басталып, 12 мамырда аяқталады. Бұл шешім Орталық Азия муфтияттарымен келісу нәтижесінде және ғылыми зерттеулердің нәтижелері негізінде қабылданған. “Бірінші тарауық намазы бүгін, 12 сәуір күні оқылады. Қаламызда эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты мешіттерде жамағатпен тарауық намаздары уақытша оқылмайды”, – дейді Еркінбек Шоқай. Сонымен бірге ол Рамазан айында айтылатын уағыз-насихаттар мен көпшіліктің сауалына жауап беру онлайн режимде өтетінін де атап өтті.