Павлодар облысында демалыс күндеріне локдаун енгізіледі. Карантин шараларының бұлай күшеюі коронавирус жұқтырғандар санының өсуімен байланысты болып отыр. Өңірдің бас санитария дәрігерінің қабылдаған жаңа қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы сағат 9-дан 20.00-ге дейін және жеткізу 22.00-ге дейін қысқарады. Сенбі және жексенбі күндері сауналар, салқын базарлар, сауда орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес дүкендер мен қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады. Бұдан басқа, ұйымдар мен мекемелер қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу форматына көшеді.